Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында 50-ге жуық сотталған әйел сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруде

Абай облысында 50-ге жуық сотталған әйел сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің әйелдер колониясында 50-ге жуық сотталған әйел колледжде білім ала бастады. Сотталғандар сұранысқа ие мамандықтарды, оның ішінде аспаз және тігінші мамандықтарын меңгеруде. Кәсіби дағдыларды игеру әйелдерге жазасын өтеп шыққаннан кейін қоғамға бейімделуге, жұмыс табуға және тұрақты табыс көзін қамтамасыз етуге көмектесуге бағытталған.

Білім алушылардың арасында әртүрлі жастағы әйелдер бар. Ең жас студент — 18 жаста болса, ең үлкені — 55 жаста. Ол ұрлық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған. Сотталған әйел үшін оқу — өз өмірін қайта пайымдап, бұрын ойламаған жаңа мамандықты игеруге берілген мүмкіндік.

— Мен 55 жастамын. Мектепті бітіргеннен кейін еш жерде білім алмадым. Ерте тұрмысқа шықтым, кейін отбасы, жұмыс — өмірім осылай өте шықты. Ол кезде білімнің маған қажеті жоқ деп ойладым. Қазір осында жүріп, көп нәрсені қайта ой елегінен өткіздім. Егер менің мамандығым және тұрақты жұмысым болғанда, бәлкім, өмірім басқаша қалыптасар еді және мені осында алып келген қателікті жасамас едім. Білім алуға ешқашан кеш емес. Биыл тігін ісін меңгеруді шештім. Қазірдің өзінде бостандыққа шыққаннан кейін осы дағдыларымды қалай пайдаланатынымды ойлап жүрмін. Менің үш немерем бар. Жасыма қарамастан, өзімнің шағын тігін цехымды ашқым келеді. Жаңа өмір бастап, балаларым мен немерелерім мені мақтан тұтатындай болғым келеді, — деді сотталған әйел.

— Білім алу және кәсіби дағдыларды меңгеру сотталғандарға бостандыққа шығуға және одан кейін қоғамға бейімделуге дайындалуға мүмкіндік береді. Біз әйелдердің сұранысқа ие мамандық игеріп, өз қабілеттерін ашып, бостандыққа шыққаннан кейін өз еңбегімен табыс табуына жағдай жасауға тырысамыз. Әсіресе, әртүрлі жастағы әйелдердің оқуға қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Бұл адамның өз өмірін өзгертуге деген ұмтылысы жасқа байланысты емес екенін көрсетеді. Мамандық игеру — тек диплом немесе жаңа дағдылар алу ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік бейімделудің маңызды қадамы. Меңгерген мамандық сотталған әйелдер үшін бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасудың негізіне айналып, өмірін таза парақтан бастауға мүмкіндік береді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру