Атырауда сотталғандарға есірткі қылмысының салдары түсіндірілді
Атырауда сотталғандарға есірткі қылмысының салдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі Танат Нурумовпен және бұрын есірткі қылмысы бойынша сотталған азаматпен бірлесіп, №15 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында есірткі қылмысына араласудың салдары, заң талаптарын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік және есірткіге тәуелділіктің адам өмірі мен денсаулығына тигізетін кері әсері туралы айтылды.
Бұрын есірткі қылмысы бойынша сотталған азамат өз тәжірибесімен бөлісіп, қылмысқа қайта бармаудың және бостандыққа шыққаннан кейін дұрыс орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар кездесуде сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуі, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және қоғамдық пайдалы істерге араласуы мәселелері талқыланды.
Қатысушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, еріктілікпен айналысуға және қоғамға пайдалы істерге белсенді араласуға шақырды.
