Петропавлда рұқсатсыз жұмыс істеген шетелдіктер жауапқа тартылды
Петропавлда полиция қызметкерлері қоғамдық тамақтану саласында еңбек етуге тиісті рұқсаты болмаған екі шетелдік азаматты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының көші-қон қызметі шетел азаматтарының ел аумағында болу және еңбек ету заңдылығын тексеру мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізеді. Тексеру барысында базарлар, дәмханалар, құрылыс нысандары және шетел азаматтары еңбек етуі мүмкін басқа да орындарға ерекше назар аударылады.
Кезекті тексеру кезінде қоғамдық тамақтану орындарының бірінен шетел азаматы анықталды. Ол ас үйде де, сауда залында да жұмыс істеген. Алайда оның Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаты болмаған.
Сондай-ақ аталған нысанда аспаз болып жұмыс істеген оның отандасының да еңбек ету құқығы шектеулі болған. Ол тек жеке тұлғаға жұмысқа орналасуға құқылы екені анықталды.
Тексеру нәтижесінде заң талаптарын бұзған шетел азаматтары да, оларды жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1 236 шетелдік және 593 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 308 шетелдік заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін, ал 85 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.
Сот шешімі негізінде 52 шетелдік Қазақстан Республикасынан тысқары шығарылды.
Полиция шетел азаматтарына Қазақстан аумағында болу және еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібін қатаң сақтауды ескертеді. Ал жұмыс берушілер шетел азаматтарын заңнамада белгіленген талаптар мен негіздер болған жағдайда ғана жұмысқа қабылдауы тиіс.
