Атырауда 14 жастағы қызының көзінше ішімдік ішкен ер адам жауапқа тартылды
Атырауда бала тәрбиелеу және оған білім беру міндеттерін орындамаған 100-ден астам ата-ана жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қараша күні №21 учаскелік полиция пунктінің учаскелік және ювеналды полиция инспекторлары өз аумақтарында тұратын “Жайсыз отбасы” есебіндегі отбасыларды тексеру барысында 55 жастағы ер адамның кәмелетке толмаған баласының көзінше ішімдік ішіп отырғандығын анықтады.
Аталған отбасының тәрбиесінде 14 жастағы қыздары бар. Медициналық сараптаманың қорытындысымен 55 жастағы азаматтың орта дәрежелі мас күйде екендігі дәлелденді. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданды.
Сонымен қатар, аталған отбасыға қатысты іс-құжаттар Атырау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолдау үшін жинақталуда.
Айта кетейік, жыл басынан бері ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған 100-ден астам ата-ана анықталып, олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.