Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында 12 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Түркістан облысында 12 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларын және апаттарды азайтуға бағытталған республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Аталған шараға Түркістан облысы ПД-нің 900-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды.

Полицейлер іс-шараның 10 күнінде 11 615 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 227 дерегін қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған. Көлік басқару кезінде жылдамдықты шамадан тыс арттырғаны үшін 340 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу бойынша 28 жайт анықталса, маневр жасау ережелерін бұзушылардың 417 жайты және бағдаршамның тыйым салынған дабылынан өту бойынша 110 дерек анықталды. Сондай-ақ көлік құралдарын басқару кезінде ұялы телефондарды пайдаланған 1 012 жүргізуші жазаланды. 2124 тұрғынның көлік басқару кезінде қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбағаны айқындалды.

Оған қоса 236 жүргізуші жаяу жүргіншінің жүрісіне басымдық бермегені және 1891 жаяу жүргінші жол жүру ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Тәртіп сақшылары көлік құралын мас халде басқару бойынша 59 жайтты анықтады. Оның ішінде бір жүргізуші қоғамдық көлікті ішімдік ішіп басқарған. Сонымен қатар көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған үш жүргізуші анықталды. Ал жүргізуші куәлігі мүлдем болмаған 101 азаматтың көлік басқарғаны белгілі болды. Рейдтік іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті заңсыз жабдықтаудың 123 жайтын және техбайқаудан өтпеген 950 деректі және 10 заңсыз жолаушы тасымалдау дерегін анықтады. Жол қозғалысы аясында авариялық жағдай туғызғаны үшін 87 жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды.

Одан бөлек, Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қатысушылар арасында жолда жүру қауіпсіздігі бойынша сауаттылығын арттыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 4 500-ге жуық жол қозғалысы ережесі жазылған ескертпе қағаздарын таратты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру