ШҚО-да полиция қызметкерлері донорлық қан тапсырды
ШҚО-да «Болашаққа есірткісіз!» жақсылық эстафетасы жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО полицейлері ҚР Ішкі істер министрлігі бастамашылық еткен республикалық акция аясында донорлық эстафетаны қабылдады.
26 қарашада Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Облыстық қан құю орталығында донорлық қан тапсырды.
– Ерікті түрде қайырымдылық акциясы донорлық қанға зәру адамдарға көмек көрсетуге бағытталған, – деп атап өтті ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нариман Кульдиков.
Қан орталығының насихаттау жөніндегі менеджері Мира Ақылбекқызы полиция қызметкерлеріне акцияға қатысқаны үшін шексіз алғыс білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, ШҚО құқықтық тәртіп сақшылары үшін бұл іс-шара дәстүрлі болып табылады және ерікті негізде өткізіледі.
– Біз шұғыл түрде қан құюға мұқтаж адамдарға көмектесе алатынымызға қуаныштымыз. Тапсырған донорлық қан көптеген адамдардың өмірін сақтап, денсаулығын жақсартуға көмектеседі деп үміттенеміз,- деп өз ойларымен бөлісті Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері донорлық эстафетаны Жамбыл облысының Полиция департаментіне тапсырды.