Шығыс Қазақстанда экскаватор жүргізушісі техниканы масаң күйде басқарған
Марқакөл ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, жеке аумағындағы электр кабелінің зақымданғанын жеткізген. Оқиға салдарынан үйдегі электр жарығы өшіп қалған, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға орнына барған полицейлер экскаваторды тізгіндеген 44 жастағы ер адамды анықтаған. Медициналық куәландыру оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Сонымен қатар тексеру барысында ер адамның 2025 жылы көлікті басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны белгілі болды.
Тергеу мәліметінше, ер адам алдыңғы күні кешкі уақытта алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін экскаватор рөліне отырып, маневр жасау кезінде электр желісін зақымдаған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
