Абай облысы бойынша қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде сотталған әйелдер арасында тренинг өткізілді
Абай облысы бойынша қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде сотталған әйелдер арасында тренинг өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Істі болған азамат үшін психологиялық күйін сақтап қалу өте қиын, әрі қажырлы еңбекті талап етеді.
– Сотталған әйелдер агрессияға бейім болады және түрлі тренингтер өткізу жазасын өтеп жатқан сотталғандардың өзін-өзі бақылау тәсілдеріне оқытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай тренингтер агрессивті әсерлерге ден қою дағдыларын пысықтауға көмектеседі, – дейді Абай облысы бойынша №23 қауіпсіздігі орташа мекемесінің психологы Алтынгүл Агатанова.
Психолог қызметкерлері осындай тренингтерді өткізе отырып, сотталған әйелдердің бір-бірімен қарым-қатынасын оңтайландыруға, өзара қарым-қатынастағы өзгерістерді талдауға, бір-біріне және басқаларға эмпатия мен сенім қалыптастыруға көмектеседі.
–Тренингтен кейін сотталған әйелдерде жағымды эмоционалды фон қалыптасады, мінез-құлықтағы эмоционалды шиеленіс жеңілдейді. Жалпы, мекемедегі тренинг дегенді – бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандардың агрессивті мінез-құлқымен психокоррекциялық жұмыстың тиімді түрі деп айтуға болады, – деп сөзін толықтырды психолог.
Мекемеде тренинг ашық ауада өтті. Онда сотталған әйелдер өздерін тыныш және сергек сезінді. Тренингке 30-ға жуық бас бостандығынан айырылған әйел қатысты.
Мекеменің психологтары оларға әртүрлі міндеттер қойып, олар өз ойларын ашық айтып, өзгелерге толық жеткізе алды.
Тренинг соңында барлық қатысқан сотталған әйелдер психологтарға алғыстарын білдірді, сондай-ақ осындай іс-шараларды көбірек өткізуге ниет білдірді.