Абай облысы бойынша ҚАЖД-да есептегі сотталған мемлекеттік грантқа ие болды
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметінде есепте тұрған сотталған азамат кәсіптік жобасын жүзеге асыру үшін 1,7 млн теңгеден астам мемлекеттік грант иеленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының 35 жастағы тұрғыны, ұрлық жасағаны үшін 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған азамат өзінің бизнес-жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болды.
Пробация қызметіне есепке қойылғаннан кейін сотталған азамат өзінің бес кәмелетке толмаған баласының әкесі екенін хабарлады. Тұрақты жұмысының болмауына қарамастан, ол өз өмірін өзгертуге және жеке кәсібін ашуға шынайы ниетін білдірді.
Жазасын өтеу барысында ол автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциясын (автосервис) ашу жөнінде бизнес-жоспар әзірлеп, мемлекеттік грант алу конкурсына қатысуға өтінім берді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша оған қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға арналған 1,7 млн теңгеден астам қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.
— Бұл қадам мен үшін өмірімдегі бетбұрысты кезең болды. Мемлекеттік грант алу мен үшін жай ғана қаржылай қолдау емес, өзіме және отбасыма өмірімді өзгерте алатынымды дәлелдеуге берілген мүмкіндік. Бизнес-жоспар дайындау және конкурсқа қатысу мен үшін маңызды кезең болды. Мен алға жылжып, өз мақсаттарыма адал жолмен жете алатынымды сезіндім. Енді өз кәсібімді ашып, тұрақты еңбек қызметін бастауға нақты мүмкіндігім бар. Маған қолдау көрсетіп, сенім білдірген пробация қызметінің қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Осы сенімді ақтап, жобамды табысты жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын, — деді сотталған азамат.
— Біздің міндетіміз — сотталған азаматтардың түзелу жолына түсуіне көмектесу, оларды жұмыспен қамтуға және өз бастамаларын дамытуға қолдау көрсету. Мемлекеттік грантқа ие болуы — оның табандылығы мен өзгеруге деген ұмтылысының нәтижесі. Біз бизнес-жобаны жүзеге асыру кезеңінде де оған сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл мысал дер кезінде көрсетілген қолдау мен адамның өз бойындағы өзгеруге деген ниеті болған жағдайда, оның әлеуметтік бейімделуі мен қоғамға қайта кірігуінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді, — деп атап өтті Аягөз қаласы пробация қызметінің бастығы Ермек Калиев.
