Абай облысында 14 млн теңгеден астам қарызы бар жүргізуші анықталды
Абай облысында 14 млн теңгеден астам қарызы бар жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру тобының қызметкерлері «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің рейдтік іс-шаралары мен мониторингін жүзеге асыру кезінде Toyota Camry автокөлік құралын анықтап, ұстады. Аталған әрекеттер автокөлік иесінің 14 млн теңгеден астам қарызы себебінен жасалды.
Жеке сот орындаушысының қаулысына сәйкес, облыс орталығының 28 жастағы тұрғынының микроқаржы ұйымы алдында өтелмеген берешегі бар, оны өтеуден қасақана жалтаруда.
Көлік құралына тыйым салу және тәркілеу атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету шараларының бірі. Қазіргі уақытта борышкердің автокөлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қамалды.