Абай облысында полиция қызметкері "Көктем аруы - 2025" байқауының жеңімпазы атанды
Абай облысында полиция қызметкері "Көктем аруы - 2025" атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында облыстық деңгейде өткен түрлі мамандық өкілдері бақ сынасқан "Көктем аруы - 2025" байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың қорытындысы бойынша Абай облысы полиция департаменті Семей қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімі әкімшілік тәжірибе бөлімшесінің инспекторы Сандугаш Аблакашева жеңімпаз атанды.
Бұл байқау тек әдемілік пен сұлулықты ғана емес, сонымен қатар әйелдердің кәсіби қабілеттерін, әлеуметтік белсенділігін және қоғамға деген үлесін де бағалады. Сандугаш Аблакашева өзін кәсіби маман ғана емес қоғамдық өмірде белсенді, талантты екенін көрсете білді.
Сандуғаш құқық қорғау органдарында 2019 жылдан бері қызмет атқарады. Қазіргі таңда 3 қыздың анасы.
Қызметінде де, жеке өмірінде де үлгілі болып жүрген Сандугаштың жеңісі – нәзік жанды полиция қызметкерлері үшін үлкен мотивация. Бұл байқау полиция қызметкерлерінің де басқа қырларын ашып, олардың адамгершілік қасиеттерін көрсетіп қана қоймай, қоғамдық тәртіпті қорғауға қосқан үлесін тағы бір мәрте айқындады.