Абай облысында учаскелік инспектор ауылдастарымен бірге өртті ауыздықтауға атсалысты
Абай облысында дала өртімен күреске тек құтқарушылар ғана емес, жергілікті тұрғындар мен полиция қызметкерлері де жұмылдырылды. Шар қаласы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Самат Әділханов ауылдастарымен бірге жалынды ауыздықтауға атсалысып, өрттің одан әрі таралуына жол бермеуге күш салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
10 шілдеде Абай облысы Жарма ауданындағы Қарасу ауылдық округінде жеңіл автокөлік өртеніп, жалын құрғақ шөпке тарады.
Қатты желдің салдарынан өрт қысқа уақыт ішінде кең аумаққа жайылып, жаңа ошақтар пайда болды. Өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстарын Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жүргізіп жатыр. Құтқарушыларға көмек көрсету үшін жергілікті тұрғындар да тілсіз жаумен күреске жұмылды.
Ауыл тұрғындарымен бірге Шар қаласы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Самат Әділханов та өртті ауыздықтауға белсене қатысты. Өрт сөндіру оның тікелей қызметтік міндетіне кірмесе де, табиғи апатпен арпалысып жатқан ауылдастарын қиын сәтте жалғыз қалдырмауды жөн көрді.
Қолына қолда бар құралдарды алған учаскелік инспектор тұрғындармен бірге жалынды сөндіруге күш салып, өрттің одан әрі таралуына жол бермеуге атсалысты.
Учаскелік инспектор үшін ауыл – жай ғана қызмет көрсететін аумақ емес. Бұл – қауіпсіздігіне күн сайын жауап беретін тұрғындар. Қауіп төнген сәтте ол олардың жанынан тек полиция қызметкері ретінде ғана емес, азаматтық парызын биік қойған жан ретінде де табылды.
Қазіргі уақытта негізгі күштер өрттің ауыл шаруашылығы нысандары мен шаруа қожалықтарына таралуына жол бермеуге жұмылдырылған. Өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
