Абай облысында жоғалған баланы іздеп тапқан полицейлер марапатталды
Абай облысында жоғалған баланы іздеп тапқан полицейлер марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының әкімі Берік Уәли жоғалған 7 жастағы баланы тауып, аман-есен ата-анасына табыстаған полиция қызметкерлерін қабылдап, арнайы марапаттады.
Аймақ басшысы Затон полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Бекен Асыл мен Дархан Жұмағалиевке кәсіби шеберлігі мен батылдығы үшін Алғыс хат табыстап, олардың әрекеті баршаға үлгі екенін атап өтті.
— Бүгін – қос мереке. Тек Мемлекеттік қызметшілер күні ғана емес, сонымен қатар Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. 7 жасар баланы аман-есен табу – үлкен ерлік. Қиын сәтте батылдық танытып, өз қызметтеріңізге деген адалдықтарыңызды көрсеттіңіздер. Іздеу жұмыстарына қатысқан полиция, ТЖ қызметі, еріктілер мен тұрғындарға әкімдік пен халық атынан алғысымды білдіремін. Бұл – адам өміріне деген нағыз жанашырлықтың үлгісі, – деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 21 маусымда 7 жасар Аманғали Бекболат Семей қаласындағы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Хабар түскен бойда полиция, төтенше жағдайлар қызметі, Ұлттық ұлан, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылып, 1000-нан астам адам іздестіру жұмыстарына қатысты.
22 маусым күні таңертең бала үйінен 10 шақырым жердегі орман алқабынан табылды.