Абай облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстар жаңа форматта жалғасуда
Абай облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстар жаңа форматта жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Енді патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерді тоқтатқанда ең алдымен: "Сәлеметсіз бе, өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?" деп сұрайды. Себебі, жолдағы қауіпсіздік жүргізушінің жай-күйінен басталады.
Ауылдық автожолдарда апат санының артуына байланысты "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде тәртіп сақшылары бақылауды күшейтті. Құқық бұзушылықтарды нақты әрі жедел тіркеу мақсатында патрульдеу барысында дрондар белсенді қолданылуда. Бұл құрылғылар қарсы бағытқа шығу, рұқсат етілмеген жерден озу, тұтас сызықты кесіп өту сияқты қауіпті әрекеттерді дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Сараптамалар көрсеткендей, жол апатының жиі кездесетін себептерінің бірі – жүргізушілердің шаршауы мен ұйқышылдығы. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тек құжаттарды тексерумен шектелмей, жүргізушілердің денсаулығына, көңіл-күйіне назар аударып, қауіпсіздік шараларын түсіндіреді және сәтті сапар тілейді.
Абай облысы полиция департаментінің ресми сайтында жүргізушілердің бірі полицияның адами қарым-қатынасына алғыс білдіріп, былай деп жазды: "Трассада келе жатқанда патруль тоқтатты. Алдымен жағдайымды сұрады. Бұл айыппұл салу емес, жай ғана адамдық жанашырлық. Жолым болсын деп тіледі, сақ болуды ескертті. Осындай қамқорлық үшін алғысым шексіз.
Бұл бастама – полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың жарқын көрінісі.