Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталғандар Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын атап өтті
Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталғандар Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын атап өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы әйелдер колониясында Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті. Бұл оқиға тарихтың қаһармандық беттеріне тағзым ету ғана емес, сонымен қатар сотталған әйелдер үшін ата-бабаларымыздың ерлігіне құрмет білдіру мүмкіндігі болды.
Концерттік бағдарлама басында қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл әсерлі сәт шараға бірлік пен халықтың ерлік тарихына деген ерекше құрметтің рухын дарытты.
Ұйымдастырылған шара қатысушы әйелдердің ішкі жан дүниесін, патриоттық сезімін және рухани дамуға ұмтылысын көрсететін шынайы көрініске айналды. Шамамен 40 сотталған әйел көрермендерге өздерінің вокалдық және хореографиялық өнерлерін паш етті — олар соғыс туралы әндер мен өлеңдер орындап, әскери тақырыптағы билерді ұсынды.
Шара соңында сотталғандар өз қолдарымен жасаған Мәңгілік алау макетіне қызыл қалампыр гүлдерін қойып, батырларға деген құрмет пен қайғыны білдірді.
— Мен бұл жерде жазамды өтеп жатқаныма үшінші жыл. Бүгінгі шараны ұйымдастыруға мүмкіндік берген мекеме әкімшілігіне алғыс айтамын. Мұнда болсақ та, ата-бабаларымыздың біз үшін жасаған ерлігін ұмытпаймыз. Солардың батырлығының арқасында балаларымыз бейбіт аспан астында өмір сүріп жатыр, — деді сотталған әйелдердің бірі.
Шараны дайындауға және өткізуге белсенді қатысқан сотталғандар мекеме басшысының бұйрығымен алғыс хаттармен марапатталатын болады.
— Мұндай бастамалар тәрбиелік жұмысты нығайтып қана қоймай, бостандықтарынан айырылған әйелдердің рухани және мәдени дамуына ықпал етеді, — деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.