Астанада киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері мектеп оқушыларына дәріс өткізді
Астанада киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері мектеп оқушыларына дәріс өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қалалық полиция департаментінің кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қала мектептерінде оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған танымдық дәрістер өткізді.
Дәрістер барысында тәртіп сақшылары оқушыларға киберқылмыстың негізгі түрлерін, олардың қоғамға тигізетін зиянын, соның ішінде интернет-алаяқтықтың кең таралған әдістерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Бұл – жас ұрпақты заманауи қауіптерден сақтандыру мен цифрлық ортада қауіпсіз жүріс-тұрысты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Шараның басты мақсаты – балалар арасында цифрлық гигиена мәдениетін дамыту, сондай-ақ интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы хабардарлық деңгейін көтеру.
Полиция қызметкерлері тыңдаушыларға жеке деректерді қорғаудың маңызын түсіндіріп, бейтаныс сілтемелер мен күмәнді хабарламалардан сақ болуға, бөгде адамдарға банк карталары мен жеке мәліметтерді бермеуге кеңес берді.
Астана қалалық полиция департаменті тұрғындарды интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақыра отырып, күмән тудыратын жағдайларда дереу полицияға жүгінуді ескертеді.