Абай облысындағы колонияда сотталғандарға заманауи өндіріс құралдарын меңгеруге арналған сабақ өтті
Абай облысының колонияларының бірінде сотталғандарға заманауи өндіріс құралдарын меңгеруге арналған сабақтар өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қауіпсіздігі аралас мекемеде орналасқан пластикалық терезе шығаратын цехта жұмыс істейтін сотталғандар арнайы дайындықтан өтуде.
Бұл цехтағы бір апталық оқу барысында сотталғандар сандық бағдарламалы басқару жүйесімен жабдықталған оюлау фрезер станогында пластикалық терезе жақтауларын жасауды үйреніп жатыр.
Сабақтарды “Alem” жеке кәсіпорнының шебері Алмаз Ходжаев жүргізеді. Оның айтуынша, сотталғандардың білім алуға деген қызығушылығы жоғары, олар сабақ кезінде берілген ақпаратты тез меңгеріп, ынтамен қатысады.
– Станок автоматты құрал ауыстыру жүйесімен жабдықталғандықтан, өңдеу процесі уақытты үнемдейді, бұл машинаның жалпы өнімділігін арттырады, – дейді жеке кәсіпкер Ерлан Ахметқалиев.
Қазіргі таңда мекемеде 10 жеке кәсіпкердің кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Мекеме бастығының орынбасары Айдын Калеловтың айтуынша, сотталғандарды еңбекке тарту – олардың түзелуіне ықпал ететін қылмыстық-атқару жүйесінің маңызды шарттарының бірі болып табылады.