Абай облысының полицейлері самбодан Қазақстан кубогын иеленді
Абай облысының полицейлері өңір орталығында өткен самбодан Қазақстан Республикасының кубогын жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыста 1999 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халық батыры, қолбасшы Қабанбай батырға арналған Самбодан Қазақстан Республикасының Кубогы, 24-мемориалдық турнир өтті. Облыс орталығында өткізілген дәстүрлі турнирге Қазақстанның әр өңірінен 14 команда қатысты. Үш күн ішінде 300 спортшы ең мықты балуан атағын алу үшін барын салды. Жекпе-жек 9 салмақ дәрежесі бойынша өткізілді.
Спортшы полицейлер жоғары нәтиже көрсетті. Абай облысының полицейлері Ғабитов Ілияс 53 келі салмақ дәрежесінде 3-орын, Асқаров Айдар 58 келі салмақ дәрежесінде 3-орын, Тұяқов Жасұлан 79 келі салмақ дәрежесінде 3-орын, Нұрасов Ербота 79 келі салмақ дәрежесінде 1-орын, Хасенов Жайдар 88 келі салмақ дәрежесінде 3-орын, Қошқымбаев Мейра 98 келі салмақ дәрежесінде 3-орын, Сатаев Темірлан 98 келі салмақ дәрежесінде 2-орын алды.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды және ауыспалы кубокты арнайы жедел ден қою жасағынан Абай облысының тәртіп сақшылары жеңіп алды. Түркістан облысынан келген командасы екінші орынды иеленді. Шығыс Қазақстан облысының полицей-спортшылары үшінші орынға жайғасты.
Бұл тарихи командалық жеңіс Абай облысының самбистерінің жоғары дайындығын көрсетті. Бұл Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан басқаратын «Динамо» облыстық ФСО-ның үлкен еңбегі.
– Біздің спортшыларымызды мақтан тұтамыз, сондай-ақ жаттықтырушылар ұжымына кәсіби жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Полиция департаментінің мақсаты – жақын арада қылмысқа қарсы күреспен қатар Қазақстан Республикасының мәртебесін әлемдік деңгейде көтеретін полиция қатарынан әлем чемпионын тәрбиелеу, – деп атап өтті облыстың бас полицейі Бектөре Сұлтан.
Турнирді ұйымдастырушылар атап өткендей, алдағы уақытта мықты самбистер халықаралық және әлемдік турнирлерде ел намысын қорғайтын республика құрамасына кіреді.