Абай облысының полицейлері су басқан төрт ауданда тәулік бойы кезекшілікте
Абай облысының полицейлері су басқан төрт ауданда тәулік бойы кезекшілікте тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының төрт ауданы көктемгі су тасқыны проблемасына тап болды. Жарма, Ақсуат, Аягөз және Бородулиха аудандарында қардың қарқынды еруіне байланысты аулалар мен жол төсемінің учаскелері су астында қалды.
Бородулиха ауданында облыстық маңызы бар Бородулиха – Жезкент учаскесінде жолдың төменгі жағы су астында қалып, нәтижесінде су ағыны пайда болды. Жол бойынан аққан еріген судың ені 15 метрге жетті.
Аягөз ауданының Баршатас ауылында қардың қарқынды еруіне байланысты даланың қара суы ауылға кіріп, шеткі көшелердің 5 ауласын су басты.
Ақсуат ауданында еріген қар суының салдарынан республикалық және аудандық маңызы бар автожолдар шайылып кетті. Ақсуат ауданы арқылы өтетін Қарағанды – Аягөз – Боғас қатынасындағы республикалық маңызы бар автожол учаскесіндегі еріген судың ені 300 метрді құрап, биіктігі 30-40 сантиметрге жетті.
Жарма ауданында даланың еріген қар суының салдарынан Үшбиік ауылдық округі Жанама ауылының шеткі көшелерінің 9 ауласы су астында қалды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға барлық көмекті көрсете отырып, су басу орындарында тәулік бойы кезекшілікті қамтамасыз етеді.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына 30 полиция қызметкері және 11 бірлік автокөлік құралдары жұмылдырылды.