Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 100-ден астам солтүстікқазақстандыққа айыппұл салынды
Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жыл басынан алты мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың көпшілігі ескерту алды. 117 адамға айыппұл салынды.
– Күн сайын учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін учаскелерінде жеке үйлердің аулаларындағы тазалықты сақтау қажеттілігі туралы – тұрғындармен, ал көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары мен іштеріндегі тазалыққа қатысты – ПИК төрағаларымен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Сондай-ақ, аумақтарды тазалықта ұстау, қоқысты шығару бойынша түсіндіру жұмыстары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен кездесу барысында да жүргізіледі», – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.
Бұзушылықтардың 70 пайызынан астамы – аумақтарды уақытылы тазаламау фактілері. Сондай-ақ, көшелерді, алаңдарды, жол үстін және адамдар демалатын орындарды ластаумен де байланысты бұзушылықтар бар. Соңғы уақытта қаланың өміріне бей-жай қарамайтын тұрғындар қалада орын алған осындай бұзушылықтар көрсетілген фото және бейнематериалдарды әлеуметтік желілерде жариялай бастады. Осындай барлық фактілер бойынша Петропавл қ. Полиция басқармасының қызметкерлері уақытылы шаралар қабылдайды. Мәселен, осы аптада желі қолданушылары Жамбыл көшесіндегі 90-шы үйдің ауласындағы үйілген қоқысты ұялы телефонға жазып алып, желіде жариялаған. Тұрғындардың сөзінше, жөндеу жұмыстары жүргізіліп болған соң, қоқыс балалар алаңқайының жанында шығарылмай қалып қойған. Бұл факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, ереже бұзушылар анықталды.
Естеріңізге салайық, қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру ережелерін бұзу үшін, сондай-ақ, инфрақұрылым объектілерін қирату, жасыл желекті жою және зақымдау үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға ескерту мен айыппұл, кәсіпкерлік субъектілеріне – 30-дан 100-ге дейінгі айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде (277 мың теңгеге дейін) айыппұл салуды көздейді.