Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ: Қаскүнемдер мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы Қазақстанда түсірілді деп жалған бейнежазбалар таратуда

Ішкі істер министрлігі “Қазақстан аумағында ұшақ пен тікұшақтардың көмегімен вирустық және биохимиялық оқ-дәрі шашу туралы” ақпаратты ресми түрде жоққа шығарғанына қарамастан, кейбіреулер азаматтарды адастыру әрекетін жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сондықтан олар шетелде түсірілген бейнежазбаларды әдейі жариялайды.

Осылайша, ІІМ мамандары әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында ұшақтардың шөл жерлерде қызыл түсті заттарды тастап жатқан бейнематериалдарды анықтады. Бұл жарияланымдардың авторлары кадрлар Қазақстанда түсірілген деп сендіреді.

ІІМ Тергеу департаменті көрінеу жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Ішкі істер министрлігі бейнежазбаның толық нұсқасын зерттеді, нәтижесінде бейнежазбадағы ұшақ АҚШ-тағы өртті сөндіруге жұмылдырылған “Tanker Air Carrier 914” ұшағы екені белгілі болды.

Бұл бейнежазба “Goal Aircraft” жеке американдық әуе компаниясының Facebook-тағы аккаунтынан көшіріліп алынған.

ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары хабарлағандай, боялған сумен өртті сөндіру тәжірибесі АҚШ пен Австралияда қолданылады. Бояу экипажға алдыңғы лақтырудың нәтижесін көруге көмектеседі және қайтадан дәл көздеуге жақсы. Сондай-ақ, бұл судың құрамында ағашқа сіңіп, өрттің таралуын кешіктіретін арнайы тыңайтқыш бар. Өртке қарсы ұшақтардың экипаждары ең төменгі биіктікте – ағаштардың бұтақтарына 60-100 метр жақын ұшуға тура келеді. Көбінесе суды өрттің өзіне емес, жалынның жолындағы учаскелерге төгеді.

Қаскүнемдер Қазақстанда түсірілген деп берген өрт сөндіру кадрлары ағымдағы жылдың маусым айында АҚШ штаттарының бірінде өрт сөндіру кезінде алынған.

Мұны ұшақтардағы тану белгілері, өрт сөндіру қызметінің (Fire AZ-TNF – Tonto National Forest – Тонто ұлттық қорығы) автокөліктеріндегі нөмірлік белгілер және бейнежазбаның толық нұсқасындағы өрт сөндірушілердің ағылшын тіліндегі сөздері куәландырады.

ІІМ ЕСКЕРТЕДІ: көрінеу жалған ақпарат тарату жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру