«Адал ұрпақ – ұлт болашағы»: Ақтөбеде жастар форумы өтуде
Ақтөбе қаласында жастардың патриоттық рухын көтеру және құқық бұзушылықтардан сақтандыру мақсатында «Адал ұрпақ» жастар форумы ұйымдастырылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Форумды Ақтөбе қаласының әкімдігі қолға алып, іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері мен танымал медиа тұлғалар қатысты.
22 қазан күні дінтанушы әрі блогер Нұрлан Байжігітұлы студенттермен кездесу өткізіп, жастармен маңызды мәселелер бойынша ой бөлісті. Студенттер сарайында 800-ден астам жас қатысқан шараның ашылуында Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет сөз сөйлеп, қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық жағдайы туралы баяндама жасады.
Нұрлан имам ретінде танылған спикер, қыз балалар мен ер балалардың рөлі, отбасылық құндылықтар және өзін-өзі тәрбиелеу жайлы кеңінен сөз қозғап, жастардың сұрақтарына жауап берді. Форум аясында полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы есірткі заттарын анықтауда қызметтік иттердің рөлі туралы көрнекі көрсетілімдер ұйымдастырып, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.