Әділдік пен қауіпсіздік – тергеушінің басты міндеті
Қоғам қауіпсіздігі үшін ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Соның бірі – Қызылорда облысы полиция департаментінің тергеушісі Салтанат Мұратова. Polisia.kz сайты 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында шенді арудың қызметі жайлы айтып береді.
Салтанат Мұратова қарапайым отбасында дүниеге келген. Әулетінің тұңғыш қыз немересі ретінде ата-әже тәрбиесін көріп, жауапкершілік пен әділдікке бейім болып өсті. Ол бала күнінен ішкі істер органдарында қызмет етуді мақсат тұтып, сол жолда еңбек етті.
– Бұл саладағы жұмыс ауыр екенін, зор төзімділік пен адалдықты қажет ететінін жақсы түсіндім. Бірақ "Шешінген судан тайынбас" демекші, осы жолды таңдадым. Қазір тергеу саласында 5 жыл еңбек етіп келемін. Жұмыстың қиындығы мойытып жіберетін сәттер болғанымен, бұл мен үшін үлкен өмірлік тәжірибе, – дейді ол.
Жас маманға бағыт-бағдар беретін тәлімгердің рөлі ерекше. Салтанат кәсіби шыңдалуында білікті басшылардан көп нәрсе үйренгенін айтады.
– Бастапқыда қылмыстық істерді өз бетіммен тергеу оңай болмады. Бірақ басшыларым сенім артып, қолдау көрсетті. Әр істі әділдікпен, заң аясында жүргізуді үйрендім. Әлі де үйренерім көп, – дейді шенді ару.
Салтанат Мұратова әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстарды тергеу тобында қызмет етеді. Бұл бағыттың жүгі ауыр.
– Тергеу – тек қылмысты ашу ғана емес, әділ шешім қабылдау, бір адамның тағдырын таразылау. Әр дәлелді мұқият зерделеп, эмоцияға берілмей, заң аясында әрекет ету – басты қағидам. Кейде тергеу ісімен күн-түн демей айналысуға тура келеді. Бірақ әділ үкім шығып, жәбірленушіге әділеттілік орнағанда, еңбегімнің зая кетпегенін сезінемін, – деді Салтанат.
Салтанат қызметін сүйсе де, жанұясы қашан да – басты құндылығы. Ол ішкі істер органдарында қызмет етіп жүріп, отбасына да уақыт табатын қайсар арулар көп екенін айтты.
– Жұмыста – тәртіпке берік тергеуші, ал үйде – аяулы жар, ардақты ана. Осындай нәзік жандылардың қажыр-қайратына тәнтімін. Қызметтегі әріптестерімді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын! – дейді ол.