Аккумулятор ұрлаған түркістандыққа қатысты тергеу жүргізілуде
Түркістандық полицейлер аккумулятор ұрлаған күдіктіні “ізін суытпай” ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚІІБ-на құрылыс жұмыстарын жасаумен айналысатын жергілікті тұрғын арызданады. Оның айтуынша, жұмыс жасап жатқан мекеменің ауласына қойған автокөлігінен белгісіз біреу аккумуляторын ұрлап кеткенін мәлімдеген. Жәбірленушіге жалпы 20 мың теңге көлемінде шығын келген.
Бұл дерек Түркістан ҚІІБ-ның СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған.
Аккумулятор ұрлаушыны ұстау мақсатында Полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Көрген-білгендерден сұрастырып, жақын аймақтар мұқият тексерілді. Бейнебақылау камераларын қарап шықты.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері жинақталған ақпарат көздері арқылы екі сағат ішінде күдікті азаматты тұрғылықты мекен-жайы бойынша құрықтады. Ол бұрын бірнеше рет сотталған, жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында ұрланған мүлікті автоұры төрт мың теңгеге өткізіп, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсағаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері аккумуляторды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Бас шарасы “қолхатта”.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары Түркістан облысының тұрғындарына қырағы болып, автокөліктері мен мүліктерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, ұрылардың назарын аудармау үшін автокөлік салонында бағалы заттар мен ақша қалдырмаңыз. Мүмкіндігінше автокөліктерге күзет дабылын орнату қажет, ал “темір тұлпарларды” күзетілетін тұрақтарға қою қажет.
Аккумулятор немесе басқа да құнды заттар ұрланған жағдайда тез арада “102” телефоны бойынша полицияға хабарласу керек.