Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас халде көлік басқаратын жүргізушілер саны азаяр емес

Түркістан облысының полицейлері “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мас халде көлік басқарған 13 жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлері “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігінде 1 356 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде мас халде көлік басқарған жүргізушілер саны – 13.

Мәселен, Мақтааралдық патрульдік полиция тобының қызметкерлері алкогольдік ішімдік ішіп, көлік басқарған құқық бұзышыны анықтады. Ол Мырзакент кенті М.Горкий көшесінің бойында өзінің “LADA 2124” маркалы автокөлігін мас халде басқарып келе жатып, полицейлермен ұсталған. Ендігі кезекте жүгенсіз жүргізушіге заң аясында шара көрілетін болады.

Елімізде 2020 жылдың басынан бері ішімдік ішіп, көлік басқарғандарға қатысты жаза қатаңдатылғаны белгілі. Десек те, Мақтаарал ауданының өзінде 2020 жылы масаң күйде көлік тізгіндеудің 22 жайты анықталған. Сондай-ақ, аудан көлемінде 2020 жылғы 10 ай айында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатындағы ең негізгі жеті басым бағыт бойынша 7 050 әкімшілік құқық бұзушылық айқындалып, құқық бұзушыларға жауапкершілік қарастырылған.

Одан бөлек, іс-шараның бірінші тәулігінде Сарыағаштық полиция қызметкерлері де 25 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Нақтырақ айтсақ, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы (Көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 10 хаттама, 571-бабы (Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу) бойынша екі хаттама, 591-бабы (Көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды не радостанцияны пайдалануы) бойынша үш хаттама, 593-бабы (Жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) – алты хаттама, 602-бабы (Көлік құралдары жүргізушілерінің сыртқы жарық түсіру аспаптарын және (немесе) дыбыс сигналдарын пайдалан, авариялық сигнал беруді қолдану қағидаларын бұзу) бойынша екі хаттама, 615-бабы (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша екі хаттама толтырылған.

Жалпы, Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі полицейлері “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қатысушылар арасында жолда жүру қауіпсіздігі бойынша сауаттылығын арттыру бойынша түсіндірме әңгіме жүргізіп, ЖҚЕ жазылған ескертпе қағаздарын да таратуда. Сондықтан, жолда абай болыңыз, жүргізуші! Өзіңіздің, отбасыңыздың амандығы үшін жол қозғалысы ережелерін сақтай отырып, көлік тізгіндеңіз! Өмір – баршамыз үшін қымбат екенін естен шығармағайсыз!

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге ескертеді: ауа-райының салқындауына байланысты, жолда абай болыңыздар!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру