Алаяқ банк қызметкері ретінде хабарласып, шымкенттіктің 1,5 млн теңгесін иемденіп кетті
Алаяқ банк қызметкері ретінде хабарласып, шымкенттіктің 1,5 миллион теңгесін иемденіп кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаратау ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында белгісіз тұлға ұялы телефон арқылы банк қызметкері ретінде хабарласып, сеніміне кіріп, екінші дәрежелі банк есепшотынан алаяқтық жолмен 1 500 000 теңгені несие ретінде заңсыз алып, өзіне аударып алғанын көрсеткен.
Аталған жайт бойынша Қаратау аудандық Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында алаяқты анықтап, тиісті басқармаға жеткізді.
Қазіргі таңда жайт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігімен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.