Алаяққа сенген Ерейментау тұрғынының екі банкке 8 млн теңге қарызы бар
Алаяққа сенген Ерейментау тұрғынының екі банкке 8 млн теңге қарызы бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмын деп жалған сөйлеп, ақшаны белгілі бір «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрайтын алаяқтық схема бүгінде көптеген қазақстандыққа белгілі. Бірақ интернеттегі алаяқтар техникалық тұрғыдан мықты, адамды сендіру талантына ие болғандықтан адамдар алаяқтарға сеніп қалады.
Ерейментау аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның өтініші келіп түсті. Ол 5 сәуірде белгісіз ер адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, оған екі банктен алаяқтық жолмен несие рәсімдеткенін хабарлады. Залалдың жалпы сомасы 8 млн теңгені құрады. Қаскүнем ер адамды телефонға шоттың қауіпсіздігі үшін «AnyDesk» қашықтан қол жеткізу бағдарламасын орнатуға көндіріп, осы қосымшаның көмегімен жәбірленушінің атына Eurasian Bank және ForteBank-тен несие рәсімдеген.
Осы факті бойынша полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу жүргізіліп жатыр.