Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтар интернетте петропавлдықтың 3 млн теңгесін алдап алды

СҚО полицейлері азаматтарды ғаламторда «тез табыс табумен» байланысты интернет-алаяқтықтың қаупі туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде инвестиция арқылы оңай табыс табуға қатысты ақпаратты көріп, ұсынылған сілтеме бойынша сайтта тіркелген. Көп кешікпей брокерлік сайттың өкілдеріміз деген тұлғалар WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шығады.

Алаяқтардың нұсқаулары бойынша ер адам 65 мың теңгесін олар айтқан есепшотқа аударады. Біраздан соң сайттағы жеке кабинетіне табысының еселенгені жөнінде ақпарат келеді. Жеңіл ақшаға қызыққан тұрғын екі банктен миллион теңгеден несие, танысынан 850 мың теңге қарыз алып, барлық қаржысын «инвестицияға салады». Осыдан кейін «менеджерлер» байланысқа шықпай қояды. Ер адам сайттағы шоттан қаражатын қайтара алмай отыр. 3 млн теңгеге жуық ақшаға алаяқтарға алданған азамат полицияға жүгінді.

 – Облыста жыл басынан «ақшасын көбейтуге» қатысты интернет-алаяқтықтың 17 фактісі тіркелді. Кейде күмәнді инвестициялардан мол табыс табуға жәбірленушілердің таныстары тартады, кей жағдайларда алаяқтар қашықтықтан арбайды: брокерлік сайттардың мекенжайларына ұқсас көшірме сайттар құрып, адамдарды әлеуметтік желі арқылы тартады. Қулықтың мұндай түрі барлық елдерде кездеседі. Алданғандардың аударған ақшалары киберқылмыскерлердің қалталарына түседі. Интернетте сақ болуға, оңай олжаға сенбеуге, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеуге кеңес береміз, – деп хабарлайды СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру