Алаяқтар СҚО тұрғынының атынан 2 млн теңге несие алған
Алаяқтар СҚО тұрғынының атынан 2 млн теңге несие алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалған СҚО Тайынша ауданының 38 жастағы тұрғыны үш ай бойы несие төлеп келген.
Ақпан айында өзін банк қызметкерімін деп таныстырған ер адам әйелге қоңырау шалып, белгісіз біреулер оның атына несие ресімдеп алмақшы болғанын хабарлаған.
Әңгімелесудің нәтижесінде қаскүнемдер әйелдің жеке деректерін иемденіп, екі банктен 2 миллион теңге көлемінде онлайн несие алған. Біраз уақыттан соң, ол аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жүгінген.
Полицейлер жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырып, қызмет барысында арам пиғылын іске асырған тұрғынды Алматы қаласында ұстады. Мамырдың 22-сі күні учаскелік полиция инспекторы жәбірленуші әйелге қуанышты хабарды жеткізген.
– Осы үш айдың ішінде мен күйзеліске түсіп, өзімді нашар сезіндім. Полицейлер алдымдағы тұрған қиын мәселенің шешімін тауып берді. Осындай қылмыстарды ашуда оларға табыс, барлық жақсылықты тілеймін. Еңбектері жемісті болсын. Рахмет сіздерге!, – ауыл тұрғыны СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдиновтың атына жолдаған алғыс хатында осылай деп жазған.
– Банк қызметкерлері ешқашан қоңырау шалып, жеке деректеріңізді, sms-кодтарды сұрамайтының есте сақтаңыз. Мұндай жағдайларда әңгімені тоқтатып, ең алдымен өз банкіңіздің call-орталығына хабарласыңыз, сондай-ақ, 102 нөмірімен байланысыңыз, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы.