Алаяқтың арбауына түскен азаматқа полиция көмектесті
Қарағандыда интернет арқылы пәтерді уақытша жалға алмақ болған ер адам алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 қыркүйек күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасы Орталық полиция бөліміне 42 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Азамат белгісіз алаяқтарға тап болғанын айтқан. Уақытша пәтер жалдамақ болған жәбірленуші интернет желісіндегі хабарламалардан өзінің қалтасы көтеретін пәтерді тауып, жалға бермек болған азаматпен хабарласып, оның есеп шотына 45 мың теңге ақша аударған. Кейін үйді көрмек болып барған жәбірленуші, хабарламада тұрған үйдің иесі басқа адам екенін білген.
Осылайша алаяқтың арбауына түскен жәбірленуші бар көмекті полициядан сұраған.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 28 жастағы азаматты анықтап, оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабына сәйкес іс қозғады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.