Алаяқтың құрбанына айналған қызылордалықтың шығыны толық өндірілді
29 наурыз күні Қызылорда қаласының тұрғыны Қайрат Сыдыков Қызылорда қалалық Полиция басқармасына келіп, полиция қызметкерлеріне өз алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың қазан айында 1993 жылы туған қала тұрғыны ірі көлемдегі тендерге қатысу үшін сертификат алып беремін деген алаяққа 1 100 000 мың теңге көлемінде ақша бергені туралы арызданған.
Полиция басқармасының аға анықтаушысы Балатай Нұрлыбек арыз бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, дәлелдемелерді жинақтап, қылмыстық істі сотқа жолдаған. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша сот үкімі күшіне еніп, жәбірленушіге келтірілген шығын толық өндірілген.
Қайрат Сыдыков Қызылорда ПБ басшылығына және анықтау бөлімінің жеке құрамына өз алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.