Әлеуметтік желідегі ақпараттар – жалған!
Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таралып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«WhatsApp» мессенджерінде әйел адамның «Мәскеуден келген ұшақ арқылы Тараздан коронавирус табылды», сондай-ақ «Шестойда бір семьяны 6 баласымен карантинге қамап қойыпты» деген ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтардан жалған хабарламаларды таратпауды және тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды.
Жалған ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратқан адамға қылмыстық жаза заңмен белгіленгенін ескертеміз.
ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігіне сәйкес «Бұқаралық ақпарат құралдары және ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату» үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.