Алимент төлемеген азамат жауапқа тартылуда
Солтүстікқазақстандық алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданының тұрғыны қызын күтіп-бағуға 700 мың теңге төледі. Ер адам соңғы кездері алимент төлемегені үшін қарыз болған. Баланың анасы сот орындаушыларына жүгінген, алайда олардың араласуынан кейін де ер адам өзінің тоғыз жастағы қызын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындауға асықпаған. Қызылжар ауданының полиция бөлімі ҚР ҚК 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді басталды. Полиция ауыл тұрғынының табысы бар екенін анықтады. Тергеу аяқталып, іс прокуратураға жолданғаннан кейін, ол қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайтынын түсініп, бұрынғы әйелімен татуласып, алимент бойынша барлық қарыздарын төледі. Мереке қарсаңында қыздың анасы барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне атқарылған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Алимент төлемеуге байланысты тағы бір қылмыстық істі Қызылжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері сотқа жіберді. 2011 жылдан бастап Белое ауылының 33 жастағы тұрғыны бала алдындағы міндеттерін ұмытып кеткен. Тергеу барысында Белое ауылының тұрғыны ай сайын жалақы алып тұрса да, алимент төлеу туралы сот шешімін орындамай келгені анықталды. Сот шешімімен оның бас бостандығы бір жылға шектелді.
– Балаларды күтіп-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Қылмыстық кодекспен қоғамдық жұмыстардан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жазалар қарастырылған, – дейді СҚО Полиция департаменті Анықтау басқармасының бастығы Ербол Бектұров.