Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алма Қайырғожина: «Балалар – өмірдің ең қымбаттысы»

Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында сіздерді Ақмола облысы Полиция департаментінің қатарында қызмет ететін өз ісінің нағыз мамандарымен таныстыруды жалғастырамыз. 2022 жылды Мемлекет басшысы Балалар жылы деп жариялады. Олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда ювеналды полиция қызметкерлеріне үлкен рөл берілген. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – жүрегі үлкен, қайырымды азаматша Ақкөл ауданының ЮПТ аға инспекторы Алма Қайырғожина, – деп хабарлайды Polisia.kz. сайтының тілшісі.

Алма Қайырғожина 1980 жылы 29 сәуірде Целиноград облысының Алексеевка қаласында (қазіргі Ақкөл қаласы) дүниеге келді, үлкен тату отбасында тәрбиеленді. Әкесі 25 жыл учаскелік инспектор болып қызмет еткен. Көз алдында лайықты үлгі көріп, ізін басқан.

– Болашақ мамандығымды балалық шағымда таңдап қойғам. Әкем Қыдырбай Бертлеуов көп жыл бойы учаскелік инспектор болып жұмыс істеді. Балалық шағымнан әкемнің сары мотоциклі есімде қалыпты, ол сол көлікпен өз учаскесін аралап жүретін. Сол кездің өзінде мен оның жұмысы қандай қиын және маңызды екенін түсіндім. Формадағы адамдарды көріп қызығатынмын. Мектепті аяқтаған кезде менің құқық қорғау органдарында қызмет ету ниетім балалық арманнан нақты мақсатқа айналды, – дейді арманы мен мақсатына қол жеткізген Қайырғожина.

1997 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін политехникалық колледжге оқуға түсті. Сол кезде полицияның қоғамдық көмекшісі болған, 2001 жылы алғашқы дайындық курстарынан өткеннен кейін оның ішкі істер органдарындағы қызметі басталды. 2003 жылы Алма Қарағанды заң университетін аяқтап, заңгер мамандығын алды. 20 жылдан астам уақыт бойы ол кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту жұмыстарымен айналысты.

– Маған адамдармен қарым-қатынас, балалармен жұмыс әрқашан ұнайтын. Мұнда мен өзімді таптым. Менің жұмысымның басты мақсаты – балаларға көмек көрсету, олардың құқықтарын қорғау. Өмірде бәрі болып жатады, балалар қателіктер жібереді. Біз оларға көмектесуіміз керек, осы үлкен өмірлік лабиринттен дұрыс жолға түсіруміз керек. Балалар – өмірдің ең қымбаттысы, ересектер оны жиі түсінбей, қателіктер жасап жатады. Сот шешімімен төрт балаға немқұрайлы қараған ананы ата-ана құқығынан айырғаны есімде. Балалар Ақкөл балалар үйіне орналастырылды. Қазір олар өсіп, өмірде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді, бізбен хабарласып тұрады. Қыз бала модель болу жолын таңдаса, ал ағасы сурет салуға қызығушылық танытты. Оның суреттері сұранысқа ие. Аналары қасында болғанда олардың өмірі қалай өрбитіні белгісіз. Біз балалар өмірін кездейсоқ кездесетін адамдар емеспіз. Тек өткенді есіңе түсіргенде баланың тағдырында белгілі бір рөл атқарғаныңды түсінесің. Біздің мамандығымызды сүю керек, – дейді Алма Қайырғожина.

Кейіпкеріміз Алма әріптестері арасында құрметке ие, бірнеше рет Полиция департаменті және Ақкөл АПБ басшылығының грамоталарымен марапатталған. Ол туралы аудан мектептерінің басшылары да оң пікірде.

Осы жылдың ақпан айында А. Қайырғожина қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін ішкі істер министрі М. Ахметжановтың бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Алма Қайырғожинаға полиция подполковнигі атағы берілді.

Полицияда жұмыс істей жүріп, Алма өзінің тағдырын, болашақ жары Асылбек Қайырғожинді кездестірді. Ол учаскелік инспектор болып қызмет етеді. Жастар 2007 жылы үйленіп, қазір сурет салумен айналысатын және би өнер студиясына барып жүрген Даяна қыздарын тәрбиелеуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру