Алматы колониясындағы балалар ата-аналарымен қауышты
Алматы колониясындағы балалар ата-аналарымен қауышты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласындағы балалар колониясында жазасын өтеп жүрген жасөспірімдердің асыға күтетін іс-шараларының бірі – ашық есік күні. Аталған колонияда тәрбиелік маңызы зор түрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылғанымен жылына екі рет болатын ашық есік күнінің балалар үшін орны ерекше. Өйткені, бұл күні олар сағынып жүрген ата-аналарымен, туыстарымен жүздеседі.
Республикадағы қылмыс жасаған балалар жазасын өтейтін жалғыз колонияда қазіргі таңда 63 бала ұсталуда. Оның ішінде 49 бала аса ауыр қылмыс жасағаны үшін, 14 бала ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Ойнақтап жүріп от басқан жасөспірімдердің бүгінгі жанашыры да, ата-анасының орнындағы қамқоршылары да – мекеме қызметкерлері.
Жазалы жасөспірімдер үшін ұйымдастырылған бас қосуды ашқан Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бас маманы Мадияр Конканов ашық есік күнін ұйымдастырудың маңызына тоқталып, балаларға жарқын болашақ тіледі.
– 2022 жылды Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Балалар жылы деп жариялап, олардың сапалы білім алып, егеменді елімізге қажетті мамандық иесі болып шығуларына баса назар аударуда. Сондықтан сендердің еркін өмірге тезірек араласып, өздеріңнің аңсаған мақсаттарыңа жетулеріңе тілектеспіз, – деді М. Конканов.
Ашық есік күні жасөспірімдер өздеріне арналған концертті ата-аналарымен, бауырларымен бірге тамашалады. Олардың алдында өнер көрсеткен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясы мен Алматы технология және флористика колледжінің студенттері колония ауласын нағыз өнер сахнасына айналдырды.
Сонымен қатар, жазалы балалар мен олардың ата-аналары спорттық жарыстарға да бірге қатысып, жүлделі орындар үшін бақ сынасты. Спорттық жарыстарда белсенділік танытқан командаларға арнайы сыйлықтар тапсырылды. Ашық есік соңында сотталған балалар ата-аналарымен бірге дастарқанда бас қосты.