Алматы облысында 16 шетелдік мәжбүрлі түрде елден шығарылды
Алматы облысында 16 шетелдік мәжбүрлі түрде елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6-12 желтоқсан аралығында Алматы облысының аумағында шетелдіктердің елде болуын бақылауды қамтамасыз етуге және криминогендік жағдайды сауықтыруға бағытталған «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Алматы облысында іс-шарасының төрт күнінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 667 құқық бұзушы анықталды. Жеке басын куәландыратын құжатсыз және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ ТМД-ның 29 азаматы соттардың бас бостандығын алдын ала шектеу туралы шешімдерімен қабылдау-тарату орындарына жеткізілді. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдаған жеке немесе заңды тұлғалардың көші-қоны саласындағы құқық бұзушылықтары үшін 175 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 14 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.
– Көрсетілген кезеңде ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне заңсыз көші-қон ұйымдастырудың төрт дерегі тіркелді. Мәселен, Қарасай ауданының аумағында құрылыс нысанында жеке тұлғадан заңсыз еңбек еткен 13 шетелдік анықталды, жұмыс беруші және көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Эльмурат Нурсеитов.
Сондай-ақ, «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу аясында оларға қатысты Алматы облысының соттары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығару туралы шешім қабылдаған 16 шетелдік анықталды. Аталған шетелдіктер мәжбүрлі түрде елден шығарылды.