Алматы облысында мас жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Ол бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«ВАЗ-2107» маркалы автокөлігінің жүргізушісі 47 жастағы ер адам 20 шілде күні Райымбек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен Қарасаз-Тұзкөл тас жолында тоқтатылған.
– Жүргізушіден спирт иісі шығып тұрған, осыған байланысты азаматты медициналық куәландыруға апару туралы шешім қабылданды. Ер адамнан сот-наркологиялық сараптамасы алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесін анықтады. Дәл сол күні ҚР ҚІЖК 128-бабының тәртібінде қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін жүргізуші уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды, – деп хабарлады Райымбек аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Нұрдәулетов.
2019 жылы аталған жүргізушіге қатысты осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 тәулікке қамауға алу, сондай-ақ үш жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалған.
– Қазір құқық бұзушының аталған әрекеттері ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігімен реттелетін болады, оған қатысты 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, 5000 АЕК көлемінде айыппұл, сондай-ақ белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы қолданылуы мүмкін,- деп толықтырды Мұрат Нұрдәулетов.