Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында полицейлер мереке қарсаңында тағылымды акция ұйымдастырды

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік әрі ағартушылық акция ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара аясында азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында өз өмірін қиған жандарға арналған фотокөрме ұсынылды. Келушілер қызмет жолындағы ерлік оқиғаларымен танысып, қазіргі заманғы тәртіп сақшыларының жанқиярлық еңбегі туралы мәлімет алды.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын полиция қызметкерлерінің өздері дайындаған концерттік бағдарлама тудырды. Полицейлер патриоттық және лирикалық әндерді орындап, қызметтегі кәсібилігімен қатар шығармашылық қабілеттерін де көрсетті.

Іс-шараға "Жас сақшы" әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері де қатысты. Жас ұрпақ үшін бұл акция полиция мамандығымен жақынырақ танысуға, қоғамға қызмет етудің маңызын және заң талаптарын сақтаудың мәнін түсінуге мүмкіндік берді.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасының негізгі қағидаттарын түсіндіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Азаматтарға заң талаптарын сақтау, өзара құрмет пен белсенді азаматтық ұстанымның маңызы ескертілді.

Өткізілген іс-шара полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың жарқын үлгісі болып, патриоттық құндылықтарды насихаттауға, заңға деген құрметті арттыруға және ішкі істер органдарына деген сенімді күшейтуге ықпал етті.

Жауап қалдыру