Алматы облысында полицейлер пробациялық қадағалаудан жалтарған ер адамды ұстады
Алматы облысында полицейлер пробациялық қадағалаудан жалтарған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтық әрекетке қатысы бар деген айыппен шартты түрде бас бостандығынан айырылған Кербұлақ ауданының тұрғыны пробациялық қадағалаудан жалтарып, бой тасалауға тырысқан.
Аудандық сот қылмыскердің мекенжайын анықтап, оны қамауға алу туралы шешім шығарған.
– Сарыөзек кентінің 41 жастағы тұрғынына сот шешімімен іздеу жарияланды. Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмыскердің мекенжайы анықталып, қамауға алынды. Іздеу жұмыстарында аудандық криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Алихан Тұралиевтің кәсіби шеберлігін атап өтуге болады, – деді Кербұлақ ауданы ПБ бастығы Ербол Ахметқалиев.
Жедел-іздестіру барысында іздеу жарияланған азаматтың Алматы қаласында бой тасалағаны анықталды. Арнайы барған тәртіп сақшылары оны құрықтап, уақатша ұстау изоляторына қамауға алды.
Іс материалдары сотқа жолданғаннан кейін, ер адамның заңсыз әрекеттеріне қатысты сот шешімі қабылданатын болады. Қазіргі уақытта полицейлер оның өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеруде.