Алматы облысында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы жалғасуда
Алматы облысында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автокөлікшілер, мотоциклистер, жаяу жүргіншілер – патрульдік полицейлер жол қозғалысының әрбір қатысушысымен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Басты міндет – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін бұзуды болдырмау.
– Ағымдағы жылдың жеті айында Кеген аумағында 16 ЖКО тіркелді, онда екі адам қаза тапты және 20 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Сондай-ақ Кеген ауданы аумағында жеті ай ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 1 578 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде көлікті мас күйінде жүргізгені үшін алты жүргізуші, – деп Кеген АПБ бастығы Ерлік Үркімбаев атап өтті.
«Қауіпсіз жол» іс-шарасы басталғаннан бері мотоциклистер тарапынан алты құқық бұзушылық анықталды.
– Мотоциклдер, велосипедтер, электросамокаттар – бұл көліктерді тәжірибесі аз жасөспірімдер тізгіндеп алған. Сондықтан, автоавариялардың алдын алу мақсатында облыстық «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Мото көлігін тізгіндеушілер ғана емес, автокөлік иелері арасында да бұзушылықтар жетерлік. Күн сайын «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы жалғасады, – деді Үркімбаев.