Алматы облысында қоян аулағандар ұсталды
Алматы облысының Балқаш ауданында қоян аулаған браконьерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балқаш ауданы Көктал ауылының маңында табиғатты қорғау полицейлері «Охотзоопром» мекемесінің инспекторларымен бірлесіп, түнгі уақытта мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз автокөлікпен төрт қоянды прожекторлардың көмегімен заңсыз аулаған екі жергілікті тұрғынды ұстады.
Күдіктілерден «УАЗ» автокөлігі, прожектор, мылтық және 4 қоян алынды.
Аталған дерек ҚР ҚК 337-бабының 3-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша тергелуде.
Сонымен қатар Көкжиде ауылының маңында бір қоянды заңсыз аулаған екі жергілікті тұрғын ұсталды.
Ұсталғандардың барлығы заңсыз аң аулағаны және тиісті құжаттарсыз атыс қаруын сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар бір апта ішінде Топар, Жиделі, Бақбақты, Қараой ауылдарының маңайында жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардан тіркелмеген тегіс ұңғылы атыс қаруының 4 бірлігін тәркіледі.