Алматы облысында құқық қорғау органдары мен жастар граффитиге қарсы бірікті
Республикалық "Заң және Тәртіп" қағидаты аясында Балқаш ауданының полицейлері прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп елді мекен тұрғындарымен кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Негізгі назар – құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі заттарының таралуымен күрес және халық арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталды.
Полицейлер тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық парақшалар мен жадынамалар таратты. Сондай-ақ азаматтарға өз құқықтары мен міндеттері, заң бұзушылық фактілері анықталған жағдайда қайда және қалай жүгіну керектігін түсіндірді.
Ерекше көңіл көпшілік орындардағы есірткі жарнамасына қарсы күреске бөлінді. Акцияға қатысушылар – белсенді жастар мен еріктілермен бірге – тыйым салынған заттарды насихаттайтын мекенжайлар мен сленг сөздер жазылған ондаған жазбаларды бояп, жойды.
– Көшедегі есірткі жарнамасы – жастарға тікелей қауіп төндіретін құбылыс. Бүгінгі акция – жай символикалық қадам емес. Бұл – біздің ауданда қылмысты насихаттауға орын жоқ екенін көрсететін нақты үндеу. Тек бірлесе әрекет ету арқылы ғана болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ете аламыз, – деді профилактикалық іс-шара ұйымдастырушыларының бірі.
Құқық қорғау органдарының өкілдері есірткі айналымына заңсыз қатысудың, соның ішінде оны жарнамалау немесе сату туралы ақпарат тарату фактілерінің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін тағы еске салды.
Жергілікті тұрғындар аталған бастамаға оң бағасын беріп, мұндай шараларды қолдауға дайын екенін білдірді.
"Заң және тәртіп" қағидаты аясында мұндай профилактикалық іс-шаралар ауданның барлық ауылдық округтерінде жалғасатын болады.