Алматы облысында шағын автобус жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен
Алматы облысында шағын автобус жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында полицейлер жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан ізін суытқан жүргізушіні бір тәулік ішінде ұстады.
Қарасай ауданының ПБ кезекші бөліміне Елтай ауылынан кешкі сағат 19.30 минут шамасында белгісіз көлік құралының адам қағып, оқиға орнынан бой тасалағаны туралы хабарлама келіп түскен.
Жәбірленуші ер адам ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізіліп, онда екі күннен кейін алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болған.
Аталған факт ҚР ҚК-нің 345-бабының 2-бөлігі (Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы), 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тіркелді.
Алматы облысы ПД ЖПҚБ іздестіру тобының полицейлері өткізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бір тәулік ішінде Қарасай ауданының 31 жастағы тұрғыны болып шыққан күдікті анықталып, ұсталды.
Ұсталған азаматтың үйінің ауласынан тәртіп сақшылары «Ниссан Ларго» автокөлігін тапты. Барлық дәлелдермен әшкереленген күдікті кінәсін мойындады.
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.