Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында учаскелік полиция инспекторларының жұмыс сапасын арттыру үшін шаралар қабылдануда

Алматы облысында учаскелік полиция инспекторларының рейтингісі жүргізілетін болады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауында жария еткен  «қолжетімді полиция» қағидаты шеңберінде учаскелік полиция инспекторларының қызметі реформаланады, бұл олардың жұмыс сапасын жақсартуға және учаскелік полиция қызметкерлері мен азаматтар арасындағы қарым-қатынас үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«Біз өз жұмысымызда бірқатар негізгі мәселелерді анықтадық және оларды шешу үшін мақсатты жұмыстар жүргізетін боламыз. Бірінші кезекте – Президент Жолдауындағы учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеру және олардың қоғамда танылуын жүзеге асыру бойынша учаскелік инспекторлардың қызметін жақсарту жөніндегі жоспар әзірленіп, бекітілді. Олардың жұмысына қолайлы жағдай жасалып, инспекторлардың материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету негізгі басымдылық болып табылады. Бұл, әрине, өз кезегінде инспекторлардың жұмыс сапасына оң әсерін тигізеді. Өңірде барлығы-тұрғын үймен біріктірілген 182 учаскелік полиция пункті салынды. Келесі жылы тағы 38 пункттің құрылысы аяқталады. Бұл пункттер тұрғындар үшін өте ыңғайлы, себебі, олар кез-келген уақытта учаскелік полиция қызметкерін қайдан табуға болатынын біледі және тіпті жұмыстан тыс уақытта да олардан көмек сұрай алады»,- деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.

Сондай-ақ, аймақ полициясының басшысы биыл учаскелік инспекторларға 70 бірлік автокөлік сатып алынғанын атап өтті. Олардың көлікпен қамтамасыз етілуі 94%  құрайды.

«Сонымен қатар, учаскелік инспекторларды ынталандыру мақсатында үздіктерді көтермелей отырып, олардың жұмыс көрсеткіштерінің тоқсан сайынғы рейтингісі жүргізілетін болады. Қорытындылау кезінде инспектордың жұмысын азаматтар, яғни оған сеніп тапсырылған учаскенің тұрғындары бағалайды. Бұдан өзге, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы аясында учаскелік инспекторлар халықпен коммуникация мүмкіндіктерін белсенді пайдаланатын болады. Бұл үшін әрбір учаскелік полиция пункті танымал мессенджерлер алаңында тұрғындармен чат құрады. Қабылданып жатқан шаралар учаскелік инспекторларға алдын алу жұмыстарын сапалы жүзеге асыруға және қолжетімді болуға мүмкіндік беретініне сенімдімін»,-деп толықтырды Серік Күдебаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру