Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында ұрылар тобы ұсталды

Алматы облысының полицейлері Кербұлақ ауданынан мал ұрыларын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылдың қазан айының бірінші жартысында Сарыөзек және Шилісу ауылдары тұрғындарының аулаларынан түнгі уақытта қой-ешкілерінің ұрланғаны жайында үш арыз келіп түскен.

Аталған деректер ҚР ҚК 188-1 бабы (Мал ұрлау) бойынша тіркелгеннен кейін, полиция қызметкерлері  бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастырған. Нәтижесінде олар бұрын ұрлық жасалған орындарында бірнеше рет байқалған «Мерседес» көлігін бақылауға алған.

Күдік тудырған көліктің иесін тапқан полицейлер көлік иесінің оны туысқанына біраз уақытқа бергенін анықтады. Аудан орталығының 59 жастағы тұрғынын ұстаған тәртіп сақшылары көліктен тасымалданған қой-ешкілердің іздерін тапты.

Көп ұзамай екінші күдікті ретінде Қапшағай қаласының 29 жастағы тұрғыны ұсталды. Ұсталғандардың екеуі де ауылдың үш тұрғынының 25 бас ұсақ малын ұрлағандарын мойындады.

Тергеу барысында ұрланған малды сатып алған Қарасай ауданы Шалқар ауылының 34 жастағы тұрғыны анықталды, оған қатысты ҚР ҚК 196-бабының 2-бөлігі (Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол ұрылардан сатып алынған 25 бас ұсақ малдың 22-сін қайта сатып үлгерген. Тек үш бас мал ғана алынып, заңды иесіне қайтарылды.

– Автокөлік қылмыс құралы ретінде сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәртіп сақшылары ұсталғандардың облыс аумағында жасалған осындай ашылмаған қылмыстарға қатысын тексеру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде, – деп түсіндірді Кербұлақ АПБ бастығының орынбасары Алишер Каптагаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру