Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полицейлері кісі өліміне қатысты қылмыстың бетін ашты

Алматының патрульдік полиция қызметкерлері “ізін суытпай” кісі өліміне қатысты қылмыстың бетін ашты, — деп хабарлайды Polisia.kz. 

“Буран-292” патрульдік экипажы кісі өлтірген күдіктіні ұстады. Оның құрамында полицей Шыңғыс Нұрахметов және Мәди Белгібаев, Шухрат Біләлов,  Наурызбай Дәнекеев болды.

Түрксіб аудандық Полиция басқармасына адамның жоғалғаны туралы арыз келіп түсті. Туыстарының айтуынша, ер адам досына барып келемін деп кетіп, қайтып оралмаған. Сыртқы қызметтердің жеке құрамы арасында іздеуде жүрген адамның белгілері бар бағдар дереу таратылды. Белгіленген аумақты жетік білетін патрульдік полиция қызметкерлеріне бірінші кезекте тұрмысы нашар үйлерді тексеру қиынға соққан жоқ. Үйлердің бірінің ауласында топырақ пен жапырақ басқан шағын шұңқырдан зорлықпен өлтірілген жоғалған адамның денесі табылды.

– Қылмыс орнында инспекторлар сол үйде тұратын күдіктіні ұстады. Ол кісі өлтіруді бірге ішімдік ішкеннен кейін жасаған. Алдымен ер адамдар арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің командирі, Бауыржан Хантеміров.

Сонымен қатар Алматы қалалық ПД Кадр саясаты басқармасы хабарлағандай, Полиция департаменті бастығының бұйрығымен ауыр қылмыстың бетін “ізін суытпай” ашқаны үшін патрульдік полиция полкінің инспекторлары марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру