Алматы облысында зергерлік бұйымдарды қолды қылған азамат ұсталды
Алматы облысының полицейлері зергерлік бұйымдар ұрлауға қатысы бар күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаратал АПБ кезекші бөліміне Үштөбе қаласының 31 жастағы тұрғыны үйінен таспен әшекейленген екі алтын сақинасының ұрланғаны туралы арызданған.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктіні анықтап, ұстады.
Ол бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған 28 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Күдікті азамат ұрлық жасағанын толық мойындады.
Оның айтуынша, ол ұрлық жасалған күні Уәлиханов көшесіндегі үйлерді аралап, жұмыс іздеп жүрген. Жеке үйлердің бірінің есігі ашық екенін көріп, үй ішіне кіргенде қонақ бөлмедегі серванттан тастармен безендірілген екі алтын сақинаны көрген.
Үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, ұры сақиналарды қолды қылған.
Ол зергерлік бұйымдарды Үштөбе қаласындағы танысына сатқан. Тәртіп сақшылары анықтаған сатып алушы ұсталған адамның сөздерін растап, оны алтын бұйымдарды сатқан адам ретінде таныды және зергерлік бұйымдарды Алматы қаласында бейтаныс адамдарға аса жоғары бағамен қайта сатқанын жеткізді.
Жәбірленуші полицейлерге ризашылығын білдіріп, қылмыстың ашылуы ол үшін күтпеген тосынсый болғанын айтты.