Алматы облысында жайылымнан мал ұрлап кеткен ер адам ұсталды
Алматы облысында жайылымнан мал ұрлап кеткен ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алакөл ауданы Үшарал қаласының 55 жастағы тұрғыны Алакөл АПБ кезекші бөліміне жазбаша арызбен жүгінген. Ол өзінің арызында 25 сәуір күні жайылымнан белгісіз біреудің бір бас ірі қара малын ұрлап кеткені жайында хабарлаған.
Тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция жедел уәкілі 24 жастағы күдікті – жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Күдіктінің жайылымнан еркін қол жеткізу жолымен бір бас ірі қара малды қолды қылғаны және оны сатып жібергені белгілі болды. Шығын сомасы 150 мың теңгені құрап отыр.
Аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 1-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «келу туралы міндеттеме» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері, мал ұрлығының алдын алу мақсатында облыс тұрғындарын қауіпсіздік шараларын күшейтуге, малдарын қараусыз жібермеуге және қырағы болуға шақырады.