Алматы облысында жол апатынан бір адам көз жұмып, төртеуі жарақаттанды
Алматы облысында жол апатынан бір адам көз жұмып, төртеуі жарақаттанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қаңтарда Алматы-Өскемен республикалық маңызы бар автожолдың 174-шақырымында Toyota Land Cruiser Prado автокөлігін басқарған әйел көлік тізгініне ие бола алмай, жол көлік оқиғасына жол бергені анықталды. Жол апатында жол талғамайтын көлік аударылып, салонындағы бірнеше адам жарақаттанып, бір адам оқиға салдарынан көз жұмған.
– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті бірқатар сараптамалар тағайындалды. Көлік апаты кезінде 62 жастағы жолаушы қайтыс болып, 37 жастағы жүргізуші әйел мен үш жолаушы әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді, – деді Кербұлақ АПБ бастығы Ербол Ахметқалиев.
Полиция таратқан ақпарат бойынша, жол көлік оқиғасын жасаған көлік арнайы тұраққа тоғытылған. Тағайындалған сараптамалардың қорытындылары негізінде жол апатының не себептен орын алғанын толық анықтайтын сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталған соң, іс материалдары сот органдарының қарауына жолданады.
– Осы жағдайды ескере отырып, барлық жүргізушілерді жолда абай болуға, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Жолдағы болмашы қателік өзіңіздің не өзгенің өміріне үлкен қауіп төндіретінін естен шығармаған абзал. Жоғары жылдамдық, қауіпті маневрлер жасау, мұқиятсыздық немесе ауа-райы жағдайын есепке алмай жолға шығу жол апаттарының басты себептері болып отыр. Қозғалыс кезінде жолдың ерекшелігін ескеріп, қауіпсіздігіне көз жеткізіңіздер, – деп толықтырды Кербұлақ ауданының бас полицейі Ербол Ахметқалиев.