Алматы облысының автожолдарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қарқынды жүргізілуде
Алматы облысының жолдарында «Автоураган» кешені өз жұмысын қайта бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылдың 9 айының қорытындылары бойынша Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының саны 12,0% – ға төмендеген.
Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғалары 19,9% – ға, жарақат алғандар саны 11,4% – ға азайып отыр.
«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, патрульдеу бағыттары қайта қаралып, олардың ара қашықтығы қысқартылды, нәтижесінде нарядтардың тығыздығы екі есеге артты. Қозғалыс барынша қарқынды Алматы қаласының маңындағы автожолдарда 10 «Автоураган» автоматтандырылған бағдарламалық кешенінің жұмысы қалпына келтірілді. Бүгінде облыс бойынша 26 кешен жұмыс істейді. Сонымен қатар, техникалық құралдармен анықталған құқық бұзушылықтар саны 17 мыңнан 127 мыңға дейін өсті. Олардың жұмысының тиімділігі ескеріле отырып, биыл апатты-қауіпті учаскелерде тағы 20 бекет орнатылады. «MESTA FUSION» француз өндірісінің 60 бағдарламалық кешені Алматы – Талдықорған автожолында мемлекеттік-жекешелік серіктестік тәртібімен орнатылатын болады»,- деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.
Республикалық маңызы бар жолдарда, жаяу жүргіншілер өткелдері мен бұрылыстарда 4 700 жарық шағылыстырғыш катафот, дөңгелекті соқпақ брустарда – 5 600 «кедергіні айналып өту» жол белгісі орнатылды, «Алматы-Қапшағай» бетон автожолында қысқы кезеңде шиналардың жолда жүруін жақсартуға мүмкіндік беретін эмульсиялы-минералды қоспа жабыны төселді, «Алматы-Талғар-Бәйдібек би» автожолының көлік жүретін бөлігі кеңейтілді.
«Сонымен қатар, білім беру объектілерінің жанындағы 258 учаскеде ақ-сары түсті гаммада жол таңбасы салынып, 25 учаскеде жасанды жол кедергісі орнатылды. Бір жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы аяқталды (Қарасай ауданындағы Шамалған станциясында), тағы екеуі келесі жылы Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында аяқталады. Сондай-ақ, республикалық трассаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылдамдық өлшегіштер мен Крис-П» кешенін пайдалану жандандырылды»,- деді генерал-майор Күдебаев.